Қарақшылықпен күресу.



Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауға арналған Қазақстан эстрада жұлдыздарының концерті

2010 жылғы 12 қарашада «Контрафакт» іс-шарасының аяқталуына орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің концерт залында авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауға арналған «Қарақшылыққа қарсы тұр!» ұранымен Қазақстан эстрада жұлдыздарының концерті өтті.

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдармен, атап айтсақ Қазақстан орындаушыларының құқықтарын басқару қоғамы, Қазақ әуендерінің орындаушылары қоғамы, «Демеу» продюсерлер мен орындаушылар одағымен бірлесіп, Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің, Қазақстандық авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау жөніндегі қауымдастықтың қолдауымен авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауға арналған концерт ұйымдастырды.

Концерттік бағдарламаның алдында Қазақстан Республикасының Әділет министрінің орынбасары Ә.Т. Аманбаев сөз сөйледі, өзінің сөзінде ол: «Адамзат тарихы дамудың қайнары ақыл-ой, сана екенін көрсетті. Сана, зият - өркениеттің қозғаушы күші. Сондықтан да Қазақстанда зияткерлік меншікті тиісті қорғауға аса зор маңыз беріліп отыр. Елімізде өткізіліп отырған «Контрафакт» іс-шарасы – бұл зияткерлік меншік саласындағы кезекті ірі насихаттау акциясы. Осы іс-шараның шеңберінде біз жұртшылықтың назарын Қазақстандағы зияткерлік меншік мәселелеріне бұруды көздедік.

Табиғи қор, мәселен, мұнай, алтын мезгілі жеткенде таусылады, ал шығармашылық ой – адам өмірінің даму мен жақсаруының сарқылмайтын көзі.

Адамзаттың зияткерлік еңбегінің нәтижесі ел экономикасының қарқынды дамуына ықпал етіп, халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізгі шарты болып отыр.

Авторлар, орындаушылар, өнер тапқыштар мен барлық шығармашылық адамдардың авторлық құқықтарын қорғай отырып, біз мемлекетіміздің болашағына инвестиция құямыз. Біздің міндетіміз – авторлардың жаңа туындыларды өмірге әкеліп, бұл үшін тиесілі сыйақы алуына мүмкіндік жасай отырып, зияткерлік меншік құқықтарын тиесінше қорғауды қамтамасыз ету.» деп атап өтті.

«Қазақстан орындаушыларының құқықтарын басқару қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Бас директоры Дархан Әзімхан өзінің сөзінде, авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауға арналған бірінші концерт екенін атап өтті. Ол басқарып отырған ұйым 186 орындаушы мен фонограмма шығарушыларды біріктіреді, олар авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауға арналған әділет органдары өткізетін іс-шараларды қолдайды.

Орындаушылар Кеңесінің төрағасы Ляйля Сұлтанқызы өзінің сөзінде жасөспірімде қарақшылық өнімге теріс көзқарас тәрбиелеу қажеттілігі туралы айтты.

«Қазақ әуендерінің орындаушылары» Республикалық қоғамдық бірлестігі Бас директорының орынбасары Арман Игілікұлы Зияткерлік меншік комитетін концертті ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді және барлық тұтынушыларды авторлық және сабақтас құқықтарды сақтауға шақырды, оның ішінде Интернет желісінде.

Әділет министрлігінің авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауға арналған концерт өткізу идеясын Мақпал Исабекова, Айқын, Қадырәлі Болманов, Қарақат, Серік Мусалимов, Алмас Кішкенбаев, Индира Расылхан, Еркін Арыс, Асқар Жайлаубаев, «Жігіттер» тобы, «Аламан тобы», «Асу», «Дабыл», «Аңсар» дуэттері және басқа да қазақстанның эстрада жұлдыздары қолдады.